«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі

Предыдущая страница

93) сәулет-құрылыс құжаттамасы - құрылысты ұйымдастыру (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу, консервациялау және кейіннен кәдеге жарату), сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындауды, абаттандыруды, көгалдандыруды, сыртқы безендіруді ұйымдастыру үшін қажетті құжаттар кешені;

94) сәулет қызметі (сәулет) - құрылыс объектісінің сыртқы және ішкі келбетін жасаудың, құрылыс (реконструкциялау, реставрациялау) үшін жобалау құжаттамасының сәулет бөлігінде тіркеп-белгіленген кеңістіктік, композициялық, көлемдік-жоспарлау және функционалдық ұйымдастырудың шығармашылық процесін, құрылыс жобасын іске асыру кезінде авторлық сүйемелдеуді жүргізуді қамтитын сәулет объектілерін жасау жөніндегі қызмет;

95) сәулет объектісі - әзірленуіне сәулетшінің қатысуы қажет болатын, сәулет немесе қала құрылысы жобаларының негізінде салынған ғимарат, құрылысжай түріндегі құрылыс объектісі, олардың экстерьерлері және (немесе) интерьерлері, монумент, абаттандыру, ландшафт немесе бақ-саябақ өнерінің элементтері;

96) сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандар (аймақтар) - сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталарының негізінде айқындалған, сейсмикалық әсері болуы мүмкін (күтілетін) аудандар;

97) сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары - сейсмотектоникалық және жергілікті инженерлік-геологиялық жағдайлардың әсері ескеріле отырып, елді мекендердің құрылыс салынатын аумақтары үшін жасалған карталар;

98) сметалық нормативтік құжаттар (сметалық нормативтер) - сметалық нормалар, құнның сметалық көрсеткіштері, индекстер және құрылыстың сметалық құнын айқындау үшін қажет баға белгілеу жөніндегі басқа да нормативтік құжаттар, сондай-ақ құралдар мен әдістемелік ұсынымдар;

99) тапсырыс беруші - қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. Қызметінің мақсаттарына қарай тапсырыс беруші - жобаның (бағдарламаның) инвесторы, тапсырыс беруші (меншік иесі) не олардың уәкілетті адамдары тапсырыс беруші бола алады;

100) техникалық қадағалау - орындалған жұмыстардың сапасын, құнын, қабылдап алынуын және құрылыс объектілерінің пайдалануға берілуін қоса алғанда, құрылыс жобасын іске асырудың барлық сатысында құрылысты қадағалау жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызмет;

101) техникалық тапсырыс беруші - құрылысты «толық бітіріп беруді» іске асыру үшін тапсырыс беруші тартатын, «толық бітіріп берілетін» құрылыстың барлық сатысында оны іске асыру процесін білікті басқаруды қамтамасыз ету мақсатында шарт негізінде әрекет ететін заңды тұлға;

102) техногендік әсер - халыққа, елді мекендерге не қонысаралық аумақтарға табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болу қатерін төндірмей немесе қатерін төндіре отырып, шаруашылық қызмет нәтижесінде туындаған жағымсыз немесе зиянды (қауіпті) әсер;

103) техногендік зілзалалар - шаруашылық қызметпен байланысты және:

өнеркәсіп, көлік аварияларын және басқа да аварияларды (оқыс оқиғаларды);

өрт, жарылыстар немесе жарылыс қатерін;

биологиялық, химиялық қауіпті немесе радиоактивті заттардың шығарылуын немесе шығарылу қатерін;

құрылыс объектілерінің, коммуникациялардың кенеттен қирауын;

гидротехникалық немесе тазарту құрылысжайларының жарылуын;

тіршілікті қамтамасыз етудің электр энергетикасы және коммуникация жүйелерінде авариялар туғызған экстремалдық факторлар;

104) «толық бітіріп берілетін» құрылыс - құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізуді және техникалық қадағалаудың көрсетілетін қызметтерін қоспағанда, жобалау, іздестіру, құрылыс-монтаждау (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу) жұмыстарын және басқа да жұмыстарды орындауды, сондай-ақ көрсетілген жұмыстармен қатар жүретін тауарларды беруді, қызметтер көрсетуді қамтитын құрылыс объектісін салу және оны пайдалануға беру жөніндегі кешенді жұмыстар;

105) тығыздап (сыналап) құрылыс салу - бұрыннан құрылыс салынған аумақтарда жаңа ғимараттар немесе құрылысжайлар салу;

106) үлгілік жоба - сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның бюджеттік бағдарламасы шеңберінде әзірленетін, жобалау кезінде одан әрі бірнеше рет қолдануға арналған жобалау-сметалық құжаттама;

107) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары - егде жастағы адамдар, мүгедектігі бар адамдар, өздігінен жүріп-тұру, көрсетілетін қызметтерді, ақпаратты алу немесе кеңістікте бағдарлану кезінде қиындық көріп жүрген, оның ішінде балаларға арналған арбаларды және (немесе) кресло-арбаларды пайдаланатын адамдар;

108) эскиз (эскиздік жоба) - схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешімнің түпкі ойын түсіндіретін, жобалау (жоспарлық, кеңістіктік, сәулеттік, технологиялық, конструкциялық, инженерлік, декоративтік немесе басқа) шешімінің оңайлатылған түрі.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстің, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің нормаларынан тұрады.

2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекстен басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

 

3-бап. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары

1. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының мақсаттары мыналар:

1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында тиімді басқару жүйесін қалыптастыру;

2) халықтың барлық санаты үшін инклюзивті, қолайлы және жайлы ортаны қамтамасыз ету, оның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына әлеуметтік, көліктік, өндірістік және өзге де мақсаттағы құрылыс объектілеріне кедергісіз кіру үшін жағдайларды қамтамасыз ету;

3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру кезіндегі ашықтық, қолжетімділік және әділдік;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін талаптарды белгілеу;

5) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыруды ұйымдастыру;

6) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті дамыту, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметкерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру болып табылады.

2. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының міндеттері мыналар:

1) құрылыс қызметінің өмірлік циклінің барлық сатысында бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету;

2) рәсімдерді оңайлату процестерін автоматтандыру және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында цифрлық жүйелерді ендіру;

3) елді мекендер аумағының кешенді және орнықты дамуын қамтамасыз ету;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;

5) елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту, сондай-ақ инженерлік және коммуникациялық желілерді жаңғырту және дамыту;

6) елді мекендердің аумақтарын қалыптастыру және қайта құру құралдарын жетілдіру, сондай-ақ қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту;

7) құрылыста Қазақстанда шығарылатын материалдардың, жабдықтардың, бұйымдар мен конструкциялардың қолданылуын қамтамасыз ету болып табылады.

3. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының қағидаттары мыналар болып табылады:

1) заңдылық, тең құқықтылық және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің құқықтарын шектеуге жол бермеу;

2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру кезінде экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және өзге де факторларды теңгерімді есепке алу;

3) жариялылықты және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мәселелерді шешуге жеке және заңды тұлғалардың жан-жақты қатысуын қамтамасыз ету;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында өзін-өзі реттеуді дамыту үшін жағдайлар жасау;

5) қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу кезінде барлық факторлар мен өзара байланыстарды есепке алу және құрылыс жобаларын дайындау және аумақты игеру кезінде олардың талаптарын сақтау.

 

4-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметтің негізгі бағыттары

1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметтің негізгі бағыттары осы саладағы мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүдделерді қамтамасыз етуге тиіс:

1) мемлекеттік мүдделер - өңірлердің, қалалардың, ауылдық елді мекендердің орнықты даму жағдайларын, белсенді мобильділікті, тіршілікті қамтамасыз ету, көліктік және инженерлік коммуникациялар, байланыс және энергетика жүйелерінің жұмыс істеуін, қоршаған ортаны қорғауды, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауды қамтамасыз ету үшін жалпы қоғамның мүдделері;

2) қоғамдық мүдделер - жекелеген өңірлер, қалалар, ауылдық елді мекендер халқының осы аумақта тұруы (болуы) үшін қолайлы жағдайларды, экологиялық жағдайды жақсартуды, шаруашылық және өзге де қызмет нәтижесінде қауіпті (зиянды) әсерлердің алдын алуды, елді мекендер мен оларға іргелес аумақтардың инфрақұрылымдарын дамытуды, тарихи-мәдени мұра объектілерін, табиғи ландшафттарды сақтауды қамтамасыз етудегі мүдделері;

3) жеке мүдделер - өздеріне тиесілі жер учаскелерінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың мүдделері.

Егер жеке және заңды тұлғалардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі өздеріне тиесілі (өздері пайдаланатын) құрылыс объектісін (жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті) пайдалануға, иеленуге не оған билік етуге мүмкіндік бермесе, ол Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шектелуге жатады.

2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мыналардан:

1) қала құрылысы және құрылыс мақсаттарында пайдалану үшін инженерлік ізденістер жүргізуден;

2) белгіленген тәртіппен қала құрылысы, сәулет-құрылыс құжаттамасын және жобалау - сметалық құжаттаманы әзірлеуден, келісуден, оған сараптама жүргізуден және бекітуден;

3) жаңа құрылыс объектілерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салудан, сондай-ақ кеңейтуден, техникалық қайта жарақтандырудан, жаңғыртудан, реконструкциялаудан, реставрациялаудан, реновациялаудан және күрделі жөндеуден;

4) аумақты инженерлік жағынан дайындаудан, абаттандыру және көгалдандыру объектілерін салудан, көше-жол желісін жоспарлаудан және инженерлік жағынан дайындаудан, объектілер салудан және жол жүрісі қауіпсіздігін жақсартудан және жаяу жүргіншілер, мопедтер, электр самокаттар, велосипедтер, шағын электр көлік құралдары мен қоғамдық көлік үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеуден;

5) құрылысы аяқталмаған объектіні консервациялаудан;

6) құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуден;

7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізуден және олардың нәтижелерін пайдаланудан;

8) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асырудан;

9) инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді тартудан және көрсетуден;

10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін талаптарды белгілеуден көрінеді.

 

5-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі халықаралық ынтымақтастық

Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі халықаралық ынтымақтастық:

1) халықаралық шарттарға, халықаралық форумдарға, семинарларға, конференцияларға қатысу;

2) келіссөздер мен консультациялар жүргізу, өзара ақпарат алмасу;

3) бірлескен бағдарламаларды, жобаларды және өзге де іс-шараларды іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

 

6-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері

1. Мыналар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері болып табылады:

1) Қазақстан Республикасының аумағы;

2) облыстардың, аудандардың, қалалардың және ауылдық елді мекендердің аумақтары және олардың бөліктері;

3) функционалдық аймақтар;

4) құрылыс объектілеріне жататын технологиялық және инженерлік жабдықтары бар олардың барлық түрін қоса алғанда, жылжымайтын мүлік объектілері;

5) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар;

6) мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тарих пен мәдениет, табиғат пен ландшафт ескерткіштері.

2. Қалалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері ретінде:

1) ірі қалалар (халық саны 500 мың тұрғыннан асатын);

2) үлкен қалалар (халық саны 100 мыңнан 500 мың тұрғынға дейін);

3) орташа қалалар (халық саны 50 мыңнан 100 мың тұрғынға дейін);

4) шағын қалалар (халық саны 50 мың тұрғынға дейін) болып бөлінеді.

 

7-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері

Қазақстан Республикасының аумағында адамның өмір сүру және тіршілік ету ортасын қалыптастыруға және дамытуға қатысатын мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері болып табылады.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметіне жататын жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) құқығы берілуі мүмкін.

 

8-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің құқықтары

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің:

1) тиісті мемлекеттік органдардан, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардан (қолжетімділігі шектелген ақпаратты немесе құжаттарды қоспағанда) жобалау алдындағы зерттеулер, құрылысқа салынатын инвестициялардың негіздемесін дайындау, аумақты игеруді және (немесе) онда құрылыс салуды жоспарлау, құрылыс объектілерін жобалау және салу, сондай-ақ оларды кейіннен пайдалану үшін қажетті ақпаратты (мәліметтерді, деректерді, бастапқы материалдарды немесе құжаттарды) сұратуға және алуға;

2) қала құрылысы регламенттері, сервитуттар немесе өзге де нормативтік талаптар (шарттар, шектеулер) шегінде меншікке сатып алынған не жер пайдалануға берілген жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға;

3) «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында өзін-өзі реттейтін ұйымдар, сондай-ақ өзге де кәсіптік қоғамдық ұйымдар құруға;

4) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.

 

9-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің міндеттері

1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына, нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесіне және мемлекетаралық нормативтерге (мемлекетаралық нормативтік құжаттарға) сәйкес қызметті жүзеге асыруға;

2) халықтың тіршілік ету ортасының нашарлауына, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің басқа да субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге ықпал ететін әрекеттерге жол бермеуге;

3) өздерінің меншігіндегі (иелігіндегі, пайдалануындағы) пайдаланылатын құрылыс объектілерін мемлекеттік нормативтік құжаттарға және басқа да міндетті талаптарға сәйкес халық үшін олардың қауіпсіздігін, сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына кедергісіз қол жеткізуді, орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін тиісті жай-күйде ұстауға;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына және мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес елді мекендерді жобалау, салу және оларда құрылыс салу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерілетін және реконструкцияланатын аумақтарды абаттандыру кезінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін тұрғын, қоғамдық және өндірістік құрылыс объектілерінің және олардың үй-жайларының қолжетімді болуын көздеуге міндетті.

Тұрғын аймақ шегінде, сондай-ақ қызмет көрсету мекемелері мен еңбек объектілерінің жанында орналастырылатын жеңіл автомобильдерді уақытша сақтауға арналған ашық тұрақтарды жобалау және салу кезінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының жеке автокөлік құралдары үшін орындарды көздеуге;

5) тарихи-мәдени мұра объектілеріне, табиғат пен ландшафттарға залал келтірмеуге;

6) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.

2. Қаржыландыру, жоспарлау, іздестіру, негіздемелер, жобалау, салу және оған ілеспе көрсетілетін қызметтер, басқару, пайдалану, қызмет көрсету, тараптардың бірінің балансына беру жөніндегі шарттарды қамту мүмкіндігінен көрінетін кешенді сипат «толық бітіріп берілетін» құрылыстың ерекшелігі болып табылады.

Құрылысқа мемлекеттік инвестицияларды қамтитын жобалар бойынша «толық бітіріп берілетін» құрылысты жоспарлау, қаржыландыру және іске асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.

 

10-бап. Сәулет, қала құрылысы туындысына авторлық құқық

1. Сәулет, қала құрылысы туындысына авторлық құқық және оған байланысты туындайтын қатынастар осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасымен реттеледі.

2. Шығармашылық еңбегінің нәтижесінде сәулет, қала құрылысы туындылары жасалған жеке тұлғалар олардың авторлары болып танылады және оларға тиісті авторлық құқық беріледі.

3. Сәулет, қала құрылысы туындылары авторларының мүліктік құқықтары (осы Кодексте, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда) олардың:

1) сәулет, қала құрылысы туындысын іске асыру үшін пайдалануға немесе пайдалануға рұқсат беруге;

2) сәулет, қала құрылысы туындыларын жаңадан жасауды, таратуды және қайта өңдеуді жүзеге асыруға немесе рұқсат етуге;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен көрсетілген айрықша құқықтарды басқа адамдарға беруге айрықша құқықтары болып табылады.

Сәулет, қала құрылысы туындылары авторларының мүліктік құқықтары сәулет жобасына, қала құрлысы жобасының тұжырымдамасына, сондай-ақ құрылыс жобасының сәулеттік құрамдас бөлігіне (бөлікке) қолданылады.

4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған сәулет, қала құрылысы туындыларының авторына (авторларына) мүліктік құқықтар берілмейді.

Тапсырыс беруші (жұмыс беруші) мен авторлар (тапсырысты орындаушылар) арасындағы шартта қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалатын сәулет, қала құрылысы туындыларын пайдалану жөніндегі мүліктік құқықтарды реттеу туралы ережелер қамтылуға тиіс.

5. Сәулет, қала құрылысы туындысының авторы (авторлары):

1) егер құрылыс жобасын әзірлеуге арналған шартта өзгеше көзделмесе, құрылыс (реконструкциялау, реставрациялау, жаңғырту) барысына авторлық сүйемелдеуді белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға;

2) егер жобалау құжаттамасын әзірлеуге арналған шартта өзгеше көзделмесе, сондай-ақ егер құрылыс объектісінде мемлекеттік құпияларға жататын ақпарат болмаса, фото- және бейнетүсірілім жасауға құқылы.

6. Сәулет, қала құрылысы туындысына автордың (авторлардың) жеке мүліктік емес құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

7. Автордың (авторлардың) мемлекеттік инвестициялар есебінен жасалған сәулет, қала құрылысы туындыларына мүліктік құқықтары құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленген үлгілік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттаманы ұсыну үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға және мемлекеттік сараптама ұйымына тиесілі болады.

 

 

2-ТАРАУ. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕЗІНДЕ ӨМІР СҮРУДІҢ ЖӘНЕ ТІРШІЛІК ЕТУДІҢ ҚОЛАЙЛЫ ОРТАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

 

11-бап. Елді мекендердің қолайлы ортасын қамтамасыз ету

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің нәтижелерін тұтынушылар ретінде жеке тұлғалардың:

1) өндірістік күштерді қоныстандыру және орналастыру бөлігінде мемлекеттік қала құрылысы саясатына, аумақтарды аймақтарға бөлуге қойылатын қала құрылысы талаптарына, экологиялық қауіпсіздік нормаларына және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге, сол жергілікті жердің инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейіне сәйкес елді мекеннің аумағы шегінде осы жергілікті жерге қатысты өмір сүруге және тіршілік етуге қолайлы, сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолжетімді ортаға;

2) демалу мақсаттарына арналған және барынша қолайлы табиғи-климаттық жағдайлары мен ландшафты, оқу-ағарту, мәдени-бұқаралық, спорт-сауықтыру және ойын-сауық іс-шараларын қоса алғанда, тиісті емдік және санитариялық-гигиеналық жағдайлары, бос уақытты өткізу үшін жағдайлары бар рекреациялық аймақтарды бөлу (бөліп беру) арқылы демалуға құқығы бар.

Халықтың демалуына арналған аумақты таңдау кезінде тарих пен мәдениет ескерткіштеріне, табиғи ландшафтқа жатқызылған объектілердің болуы да ескерілуге тиіс.

 

12-бап. Табиғи, техногендік және антропогендік әсерлерден қауіпсіздікті қамтамасыз ету

1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру халықтың, аумақтардың, елді мекендердің және құрылыс объектілерінің қауіпті (зиянды) табиғи, техногендік және антропогендік құбылыстар мен процестердің әсер етуінен қауіпсіздігі жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды қамтамасыз ету шарттарына негізделуге тиіс.

Осы талаптарды орындау жөніндегі шаралар мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес әзірленген жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілуге тиіс.

2. Мемлекеттік нормативтік құжаттарда қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамаларына халықты, елді мекендерді және қонысаралық аумақтарды табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан болатын қауіпті (зиянды) әсерлерден қорғау жөніндегі шаралар туралы бөлімдерді, сондай-ақ азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларын енгізу міндеттілігі көзделуге тиіс.

3. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар, сондай-ақ техногендік сипаттағы болжамды төтенше жағдайлар салдарынан болатын қауіпті (зиянды) әсерлерге ұшырайтын елді мекендер мен аумақтар халықты және аумақтарды аталған әсерлерден қорғау жөніндегі іс-шаралармен қамтамасыз етілуге тиіс.

4. Табиғи, техногендік, антропогендік сипаттағы қауіпті (зиянды) әсерлерге ұшыраған елді мекендерде орын алған қауіпті (зиянды) құбылыстар мен процестерді мониторингтеу нәтижелері мемлекеттік қала құрылысы кадастрында базалық деңгейде көрсетіледі.

 

13-бап. Экологиялық талаптарды қамтамасыз ету

1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі Қазақстан Республикасының Экология кодексінде белгіленген объектілер сыныптамасына сәйкес оның қоршаған ортаға әсерін бағалау ескеріле отырып жүзеге асырылуға және экологиялық талаптарды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды көздеуге тиіс.